Игі бастама жалғасын табады |
Friday, 30 March 2018 14:36 |
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бейресми жағдайда мектеп басшыларымен жүздесті. Оқушылар сарайындағы ашық диалог алаңында білім ошақтарының басшыларымен емен-жарқын әңгімелескен Ғабидолла Абдоллаұлы мұндай басқосуларды ендігі жерде дәстүрге айналдыруды ұсынды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, Ғабидолла Абдоллаұлы білім ошағындағы қандайма мәселелерді болса да бірлесе шешуге шақырды. Бұл орайда бұрыннан жауапты қызметтерде, әсіресе әлеуметтік салада жұмыстар атқарған тәжірибелі басшының «Мектеп директорлары клубын құру» туралы идеясы ұтымды көрінді. Және бұл клуб барлық мәселені ортақ қазанға салатын мектеп басшыларының темірқазық мекеніне айналуы тиіс. «Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі әлі күнге өз маңызын жоймағанын мойындауымыз керек. Бұл орайда Ғабидолла Абдоллаұлы кешегі өткен «Математикалық регатаның» осы өңірден бастау алып, министрлік тарапынан қолдау тапқанына, олимпиададағы ұстаздарымыздың жеңісіне ризашылық білдірді. Ұстаз бойындағы сайыскерлік қасиеттің білім саласында бәсекеге қабілеттілікті күшейтетінін айтып, мұндай регатаны басқа пәндерден де өткізіп тұру туралы ой тастады. Облыс әкімінің орынбасары тоқталған мәселенің бірі – цифрландыру жайы. Осы бағытта көптеген семинар-тренингтер ұйымдастыруды қолға алу керек. Бұл орайда облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың таяуда ҚР Білім және ғылым вице-министрі алдында цифрландыру мәселесі бойынша есеп бергенін айтып өтті. Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Маратқызы да білім жүйесін басқару процестерін автоматтандыру қолға алынғанын, осыған сәйкес, балабақшаларға кезекке тұру және жолдама беру кезегін автоматтандырудың жаңа стандарты бекітілгенін, мектептерге қабылдау, өзара ауысу электронды режімде іске асырыла бастайтынын мәлімдеді. Және мектеп басшыларының білім саласын цифрландыру мәселесіне қатысты жылт еткен жаңалықтың бәрінен хабарлы болып отыруларын ескертті. |