Ардагерге деген құрмет! |
03.05.2018 16:22 |
Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова бастаған зиялы топ өңіріміздің білім саласына сүбелі үлесін қосқан еңбек ардагері Істілеу Сүндетұлы Сапаровтың шаңырағында болды. Бұл басқосудың өз мәні мен себебі бар екенін бағамдап отырған шығарсыз. Істілеу Сүндетұлы бүгін, 3-ші мамыр күні мерейлі 90 жасқа толып отыр. Облысымыздың даму жолында өзіндік ізі қалған еңбекторы азаматтың торқалы тойын өңір басшылығы да ескерусіз қалдырмады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қарияны қабылдап, құрмет көрсетті. Сонымен Шолпан Маратқызымен бірге білім саласының ардагерлері Марат Қадыров, Өтебай Құспанов, Светлана Бисембаева, Ердан Катаев та ақсақалды құттықтай барды. Тоғызыншы ондыққа аяқ басса да, сөзі салиқалы, жүріс-тұрысы ширақ қария өзіне таныс жандардың жүзін көргенде жадырап сала берді. Облыстық білім басқармасы атынан құттықтаған басқарма басшысы Шолпан Маратқызы бар саналы ғұмырын еліміздің, қала берді Ақ Жайықтың өркендеуіне арнаған, бүгінде сол төгілген тердің зейнетін көріп отырған мерейтой иесінің құшағын гүл шоқтарымен толтырып, сый-сияпатын табыстады. |